Қиындықты жеңе білуді үйренейік достар!
Мақсаты: Кикілжіңді мінез-құлықты болдырмау мақсатында оқушыларды өзара тиімді шешім табуға бағыттау.
Ұйымдастыру: оқушылар шеңбер бойына өздеріне ыңғайлы етіп орналасады. Психологтың нұсқауымен тренинг ойынымыз басталады.
Барысы: 1-жаттығу: «Амандасу»
Мақсаты: қатысушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын реттеу және жылы, жанға жайлы атмосфераны қалыптастыру.
Нұсқау: Әрбір қатысушы топ мүшелерінің әрқайсысымен ым-ишара мүмкіндіктерін пайдалана отырып, сөзсіз амандасуы керек. Амандасу түрлері біркелкі болып кеткен жағдайда, амандасу тәсілдерін еске салу қажет.
Талдау: Жаттығу сендерге несімен ұнады? Қазіргі көңіл-күйлерің қандай?
2-жаттығу: «Интервью».
Мақсаты: қатысушылардың бір-бірін тыңдай білуін дамыту және коммуникативті дағдыларды
жетілдіру; тренингке қатысушылар арасындағы коммуникативті дистанцияны қысқарту.
Нұсқау: қатысушылар жұп-жұпқа бөлінеді және 10 минут ішінде өз серігімен ол жайлы көбірек білуге тырыса отырып әңгімелеседі, одан соң әрқайсысы өзінің әңгімелесушісі жайында қысқаша түсінік береді. Басты міндет – оның жеке даралығына, өзгелерге ұқсамайтындығына, ерекшелігіне басты назар аудару. Бұдан соң қатысушылар кезектесіп бір-бірін таныстырады. Яғни өз серіктестері жайлы түсініктерін айтады.
Талдау: Серіктестермен қарым-қатынасқа түсу қиын болды ма? Қандай жағдайда қиындық туындады?
3-жаттығу: ««Карусель» ойыны.
Мақсаты: оқушылардың денелерін еркін ұстауына, бір-бірімен түсіністікпен қарым-қатынас орната білуіне жағдай жасау.
Топ мүшелері екіге бөлінеді. 1-ші топ ішкі, 2-топ сыртқы болып бөлініп, екі шеңбер жасайды. Психологтың берген
белгісі бойынша ішкі топ сағат тілі бойынша қозғалады, психологтың белгісі бойынша олар тоқтайды да, екеуден ішкі топ пен сыртқы топ бір-біріне қарсы тұрған адамдар бірігеді. Әрбір топқа кезекпе-кезек психолог белгілі – бір роль беруі керек, олар тез арада сол рольді 2-3 минутта көрсетеді. Мысалы: сатушы – сатып алушы; мұғалім – оқушы; дәрігер – қаралушы; полиция – жүргізуші; әкесі – баласы; анасы – қызы. Бұл ойын әрбір адамның өзінің мінезін, көңіл-күйін, қабілетін өзгерте білуіне, осы арқылы өзгелермен еркін араласу қабілетінің дамуына көмектеседі.
Талдау: Ойын сендерге несімен ұнады? Көңіл-күйлерің қалай?
4-жаттығу: «Кикілжіңнің сипаттамасы».
Мақсаты: оқушылардың кикілжің жағдайына байланысты ойларын анықтау, түсініктерін кеңейту.
Кикілжіңнің жағымды жағы |
Кикілжіңнің жағымсыз жағы |
|
|
|
|
Нұсқау: Осы сызылған тірек-схемаларын оқушылардың алдына таратып, толтырту. Оқушылар өз жазған ойларын оқып, басқа қатысушылармен бөліседі.
Талдау: Басқалардың ойымен келісесің бе немесе келіспейсің бе? Неге? Не үшін? Сен қалай ойлайсың?
5-жаттығу: «Баспа машинкасы».
Мақсаты: сергіту, ұйымшылдықпен әрекет ету дағдыларын қалыптастыру.
Нұсқау: қатысушыларға сөз немесе фраза жасырылады. Мәтінді құрайтын әріптер топ мүшелері арасында бөлініп
беріледі. Кейін әркім өз әрпін атайды, фраза мүмкіндігінше жылдам айтылуы тиіс, ал сөздер арасындағы аралықта барлығы алақандарын соғып шапалақтайды.
Талдау: жаттығу саған несімен ұнады? өзара қарым-қатынасқа түсуде қандай қиындықтар болды?
6. Рефлексия.
Рефлексия сәтінде қатысушыларға баяу музыканың ырғағымен өз көңіл-күйіне байланысты сурет салу тапсырылады. Оқушылар өз суреттерін талдай келе тренингтен алған әсерін баяндайды.