ҰБТ-ның жаңа форматы
ҰБТ-ның жаңа форматының ерекшелігі – мектеп түлектеріне арналған Қорытынды аттестаттауға және жоғары оқу орындарына түсушілер үшін ҰБТ тапсыруға бөлу.
Қорытынды аттестаттау.
Мектеп түлектері жалпы орта білім беру деңгейін Қорытынды аттестаттаумен аяқтайды, ол мемлекеттік бітіру емтиханы нысанында өтетін болады, мұнда мына пәндер (4 міндетті және 1 таңдау) бойынша емтихан тапсырады:
· Ана тілі мен әдебиеті – эссе (жазбаша), уақыты – 3 сағат, ұсынылған тақырыптың біреуін таңдайды. Эссе 250–300 сөзден тұрады. Басты ойын анықтауы, проблеманы жинақтауы, дәлелдер жазуы және эссенің жалпы қорытындысын қалыптастыруы керек;
· Алгебра анализ бастамалары – жазбаша, уақыты – 5 сағат, математикалық фактілерді, түсініктерді және тәсілдерді меңгеру деңгейін анықтауға, есеп шығару және логикалық тапсырмаларды шешу дағдыларын білуге бағытталған бес тапсырмадан тұрады;
· Қазақстан тарихы – ауызша (билет бойынша) – 20 минут, әр билетте 3 сұрақтан: материалдың теориясы бойынша 2 тапсырма, шығармашылық сипаттағы 1 тапсырма (тарихи карталарды, кескіндерді, хронологиялық кестелерді қолданатын тапсырмалар және т. б.);
· Орыс, өзбек, ұйғыр және тәжік тілдерінде оқытатын мектептердегіқазақ тілі. Қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі – тестілеу – 80 минут (1 сағат 20 минут). Тестілеу мына блоктар бойынша өтеді: 1. Тыңдалым – 10 тапсырма (2 мәтін). 2. Оқылым – 10 тапсырма (2 мәтін). 3. Лексикалық-грамматикалық блок – 20 тапсырма;
· таңдау пәні: физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, информатика, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс) – тестілеу (олардың оқу бейінін ескере отырып: қоғамдық-гуманитарлық, жаратылыстану-математика) – 80 минут (1 сағат 20 минут). Тест 40 тапсырмадан тұрады: 20 – ұсынылған жауаптардың ішінен бір дұрыс жауабын табу арқылы және 20 – ұсынылған көптеген жауаптардың ішінен бір немесе бірнеше дұрыс жауабын табу арқылы.
Емтихандар оқыту орны бойынша мектеп базасында әр пән бойынша жеке күндері өтеді. Қорытынды аттестаттау материалдарын ҚР БҒМ құрастырады және Ұлттық тестілеу орталығы (бұдан әрі – ҰТО) Облыстық білім басқармаларына жеткізеді.
Жазбаша және ауызша емтихандардың бағаларын, сондай-ақ тестілеудің жауап парақтарын (оларға берілген дұрыс жауаптар кодының негізінде) мектепте емтихан комиссиясы
тексереді (1 ақпанға дейін мектептің өзі, аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасы және ҚР БҒМ қалыптастырады (ҚР БҒМ 16.11.2016 ж. № 660 бұйрық).
ҰТО-ның филиалдары арқылы қорытынды аттестаттаудағы тестілеуге қатысушылардың деректер базасын қалыптастыру мерзімі ағымдағы жылғы наурыздың 1-нен 30-на дейін. Қорытынды аттестаттау мерзімдері ҚР БҒМ бұйрығымен белгіленеді. Шамамен 2017 жылғы 29 мамырдан 9 маусымға дейін.
Ұлттық бірыңғай тестілеу – жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны.
ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді қабылдау 10 наурыз – 10 мамыр аралығында ҰБТ өткізу пунктерінде жүргізіледі.
Бітірушілердің тестілеуге қатысуға өтініштері ҰБТ өткізу пунктерінде тіркеледі. Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін «Бітіруші» деректер базасы қалыптастырылады.
ҰБТ-ның жаңа форматы екі блоктан – 5 пәннен тұрады (3 міндетті пән және таңдаған мамандыққа байланысты 2 бейіндік пән):
· Қазақстан тарихы – 20 тапсырма;
· Математикалық сауаттылық – 20 тапсырма;
· Оқу сауаттылығы – 20 тапсырма;
2 бейіндік пән – 30 тапсырма. Оның алғашқы 20 тапсырмасы бес жауап нұсқасынан бір дұрысын таңдау және 10 тапсырмасынан көптеген жауап нұсқасынан бір немесе бірнеше дұрыс жауапты таңдау ұсынылады. Мысалы, берілген 8 жауап нұсқасында 2-і немесе 3-і дұрыс жауап. Бұндай тәсіл талапкердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендігін анықтауға мүмкіндік береді және жауаптарды «жаттау» арқылы болжап табуға кедергі болады.
Қазақстан тарихы бойынша тапсырмалар осы пән бойынша білімді тексеруге бағытталған (оқу бағдарламасы мен оқулық материалдарына сәйкес).
Математикалық сауаттылық бойынша тапсырмалар талапкердің объектілер мен құбылыстарды талдау, салыстыру, теңестіру, жалпылау, топтастыру қабілеттілігін тексеруге бағытталған.
Оқу сауаттылығы бойынша тапсырмалар әртүрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеу, оларды талдау, осы ақпараттарды салыстыру және тұжырым жасау қабілеттілігін тексеруге бағытталған. Бұл дағдылар түлекке жоғары оқу орнында оқу барысында қажет болады.
Бейіндік пәндер бойынша тест тапсырмалары осы пәндер бойынша тереңдетілген білімдерін, сондай-ақ кең ауқымды машықтары мен дағдыларын тексеруге бағытталады:
· әртүрлі ақпарат, мәліметтер арасында байланыс орнату;
· әртүрлі нысанда ұсынылған ақпаратты талдау, түсіндіру (кестелер, графиктер, диаграммалар және т. б.);
· белгіленген міндеттерді шешу мен мақсаттарға жету үшін таңдалған ақпараттың маңыздылық деңгейін анықтау;
· қолда бар ақпаратты бағалау, саралау, жалпылау;
· түсіндіру, салыстыру, топтастыру, тұжырым жасау;
· салыстыру, өз ұстанымын негіздеу;
· қарастырылатын пәндердің, құбылыстардың, объектілердің ұйымдастырылуын және құрылымын айқындау.
Барлығы – 120 тапсырма. Максималды балл – 140 (140 есептеледі). Шекті балл – 50 (140-тан). Тестілеу уақыты: 3 сағат 50 минут (230 минут).
Бейіндік пәндер комбинациясы | |||
№ |
1-ші бейіндік пән |
2-ші бейіндік пән |
Мамандықтар саны |
1 |
математика |
физика |
52 |
2 |
математика |
география |
18 |
3 |
биология |
химия |
22 |
4 |
биология |
география |
12 |
5 |
шетел тілі |
тарих |
10 |
6 |
география |
шетел тілі |
4 |
7 |
тарих |
Адам. Қоғам. Құқық |
5 |
8 |
тарих |
география |
7 |
9 |
химия |
физика |
5 |
10 |
оқу тілі мен әдебиеті |
тарих |
7 |
11 |
шығармашылық |
шығармашылық |
33 |
|
Барлығы |
|
175 |
«Алтын белгі» иелері, тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының, орындаушылардың республикалық және халықаралық конкурстарының және спорттық жарыстардың соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы жылғы Президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздары жалпыға ортақ тәртіпте ҰБТ тапсырады. Бұл тұлғалардың басым құқығы басқа талапкерлермен балдары бірдей болған жағдайда ғана ескеріледі.